Ақтөбеде туристік агенттіктерге шағымданушылар көбейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Туристік қызмет саласында тұтынушылардың құқығы жиі бұзыла басталады. Былтырғыға қарағанда биыл шағым түсіргендер саны 30% артқан.

Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ақтөбе облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне биыл 700-ден астам адамнан өтініш түсті. Былтырғыға қарағанда шағым түсіргендер қатары 44% көбейді. Әлі де тауарды онлайн сатып алғандар жиі көмек сұрайды. Сонымен бірге бөлшек саудада келісе алмағандар саны 220-ға жеткен.

- Облыста 138 тұтынушының шағымы дер кезінде реттелді, ал 192 тұтынушыға құқықтық көмек көрсетілді. Сонымен бірге департамент 85 әкімшілік шара қабылдады. Нәтижесінде 85 ірі, орта, шағын бизнес субъектісіне 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Туристік сапарларды ұйымдастыру бойынша міндеттемелерді орындамау фактісі бойынша 5 және одан да көп тұтынушыдан жүйелі түрде өтініш түсті. Тұтынушыларға сотқа талап қою тәртібі түсіндірілді, сондай-ақ бір факті бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 6-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Яғни туристік агенттік адамдардың ақшасын алып, қызмет көрсетпеген. Бұл жағдай былтыр да тіркелді. Агенттіктер туристік бағытқа билет алмаған, кейде оны әлемдегі саяси жағдайлармен байланыстырған. Ал ақшаны 14 күнде қайтаратынын айтқан. Негізі қызмет көрсетпесе, келісімшарт бұзылса тұтынушы сол күні-ақ ақшасын қайтарып алуға құқылы. Жалпы былтырға қарағанда биыл туристік қызметке қатысты шағым 30% артты,- деді Ақтөбе облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Ақбота Жұмамұрат.

Айта кетейік, Алматы облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2026 жылдың алғашқы тоқсанын нәтижелі қорытындылады. Биыл тұтынушыларға 13 млн теңге қайтарылды.