Ақтөбеде туристік жолдамамен алдаған күдіктіге қатысты іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбеде туристік қызмет көрсету желеуімен жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Фото: Бас прокуратура

Ақтөбе қаласы прокуратурасының мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілерде шетелге туристік сапарлар ұйымдастыру туралы хабарландырулар жариялап, азаматтарға турларды, әуе билеттерін және қонақүйді брондайтынын айтып ақша алған.

Алайда төлемді алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамай, туристік сапарларды ұйымдастырмаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, жәбірленушілердің ақшасы күдіктінің жеке мақсаттарына жұмсалған.

«Заңға қайшы әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге елеулі материалдық залал келтірілген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады прокуратура.

Қадағалау органы азаматтарды интернет және әлеуметтік желілер арқылы туристік қызметтерді сатып алу кезінде сақ болуға шақырды.

Прокуратураның мәліметінше, ақша аудармас бұрын туроператордың немесе туристік агенттіктің мемлекеттік тіркеуден өткеніне көз жеткізіп, пікірлермен танысып, шарт талаптарын мұқият зерделеп, төлем жасалғанын растайтын құжаттар мен хат алмасуды сақтап қойған жөн.

Егер осындай алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе соған ұқсас фактілер туралы ақпаратыңыз болса, құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет.

Айта кетейік, Алматы облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 518 жалған хабарландыру бұғатталды.