Қылмыстық іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №8 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 10 сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау», «Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жақындарына қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу» баптары бойынша айып тағылды.
- Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №8 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 10 сотталған топтасып, мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбаған. Сотталушылар өзіне қасақана дене жарақаттарын салған, қызметкерлерге күш қолданып, мекеменің мүлкін қасақана бүлдірген. Нәтижесінде 3 мекеме қызметкеріне дене жарақатын келтіріліп, 1 бейнетіркегіш және 2 радиоқабылдағышты зақымданған. Мемлекеттік мекемеге 778 мың теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Сотталушылар өз кінәларін мойындамады. Сотталушылардың кінәсі бейнежазбамен, жәбірленушілер мен куәларден жауап алу хаттамаларымен, бірқатар сараптамалардың (сот-медициналық, сот-фонографиялық, сот-портреттік-ред.) қорытындыларымен, сондай-ақ сот отырысында зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды,- деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Іс сотқа түскенде сотталушылар өздеріне қысым көрсетілгенін, бейнебақылау камерасындағы видео дәлелдер монтаждалғанын айтты. Сотталушылар мен олардың қорғаушылары бірнеше рет судьяға қарсылық білдірді.
Прокурор 5 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындауды сұрады. Сот үкімімен сотталушылар 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкімдер жиынтығымен 6 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ақтөбеде түзету мекемесіне сәлемдеме жіберетіндер көбіне ұялы телефон, ескірткі заттары мен ақша табылады. Биыл 13 адам әкімшілік жауапқа тартылды.