Өңір басшысы Ералы Тоғжанов полицейлерге Hyundai маркалы 27 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізген полицейлер облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
«Қазақстандық полиция өзінің құрылған күнінен бастап қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып жатыр. Біздің облыста полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы үш жылда Ақтөбе облысы Полиция департаментіне 37,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, өткен жылы 12 автокөлік алынған болса, биылғы жарты жылдың ішінде 27 автокөлік табысталды. Жалпы, полиция департаментінің материалдық-техникалық базасының жарақтандырылуы өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп отыр. Жылдан-жылға полиция қызметкерлерінің жұмысының тиімділігі артып келеді. Бұл қылмыс деңгейінің төмендеуінен көрінеді», - деді Ералы Тоғжанов.
Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын алабында жаңа сервистік полиция пункті ашылды. Мұнда азаматтарды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Соның ішінде еріктілер кабинеті, ана мен бала бөлмесі жабдықталған. Учаскелік инспекторлармен қатар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың, көші-қон қызметі, әкімшілік тәжірибе, пробация қызметкерлерінің жұмыс орындары да қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз қозғалуға жағдай жасалған. Пункт бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Учаскелік полицейлер бірнеше аумақтың бейнекамераларына қосыла алады. Бұл қылмыс пен құқық бұзушылық тіркелсе, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
«Сервистік полиция қызметі халыққа жақын болуы үшін салынды. Бұл – бірінші нысан. Енді шаһардағы Батыс-2 шағын ауданында сервистік полиция пунктін ашамыз», - деді облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.
Айта кетейік, облыста 380 патрульдік полиция қызметкері бар. Оларға 120-дан астам автокөлік берілген.