Ақтөбеде ұрлық жасамақ болып келіп қонақты өлтірген қылмыскерге үкім шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде ұрлық жасамақ болып үйге кіріп, бірінші қабатта ұйықтап жатқан қонаққа пышақ сұққан қылмыскерге үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жанболат Атауовқа үкім шықты. Судья Алтынбек Сабыров 51 жастағы Нұрғазы Боранқұлға 16 рет пышақтаған Ж.Атауовты 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар, ол жәбірленушінің отбасына 1,6 миллион теңге сот шығындарын төлеуі тиіс. Сотталушы жазасын қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтейді.

Еске салсақ, өткен жылдың 26 желтоқсанында түнгі сағат 3:20-да Жанболат Атауов үш қабатты жеке үйге кіріп, тонамақ болады. Ол алдымен ас үйге кіріп, тамақтанып алған. Ішімдік те ішкен. Кейін ас үй пышағымен басқа бөлмеде жатқан қонақты 16 рет пышақтаған. Бүгін сот үкіміне қатысқан жәбірленуші Нұрғазы Боранқұлдың туыстары аппеляциялық шағым түсірмейтінін айтты.