Шалқар ауданының Бегімбет ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұрынғы әкім Ералы Тоғжановтың ауданға сапары барысында ашылды. Сол кезде салтанатты түрде лентасы қиылды. Ақтөбе облысы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында ангар типті кешеннің құрылысы былтыр маусым айында басталғаны жазылған. 500-ге жуық бала волейбол, баскетбол, күрес залдарында спортпен шұғылдана алады.
Алайда биыл маусым айының соңында ауыл халқы қуанғанымен, кешен шын мәнінде қолданысқа берілмеді.
Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, нысанды Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы спорт басқармасына беруі тиіс. Бұл туралы Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаевтан сұрағанымызда, нысанды мердігерден қабылдап алғанын, спорт басқармасына тапсыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшановтың айтуынша, спорт кешенінің кілті өзінде.
- Әзірге үйірмелер ашылмады. Мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері балаларды жарыстарға апарар кезде жаттығу өткізеді. Менің бақылауымда. Кілті менде тұр. Мен ашып-жабамын. Балалар ойнағысы келгенде алады,- деді Оралбек Әбшанов.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 күнде құжаттары реттелсе, толықтай іске қосылады.
- Балалар жаз бойы ойнады, қазір де ойнап жатыр. Аудан әкімдігі бір аптада жылуын қосамыз деп отыр,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.