Ақтөбеде ювенальды полиция тәртібі нашар балаларды лагерьге апарды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ювенальды полиция қызметі балаларды лагерьге апарды. «Батыр» шатырлы лагеріне тәртібі нашар, полиция қызметкерлерінің бақылауына алынған балалар барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ІІД, Жергілікті полиция қызметінің ювенальды полициясы шатырлы лагерь ұйымдастырды. Облыстық білім басқармасы полиция қызметкерлерінің бастамасын қолдап, балаларға жазды демалыс сыйлады.

«Жазғы демалыста тынығып, табиғат аясына шыққан ұнады. «Батыр» лагерінде біз адамдармен араласуды үйреніп, түрлі мерекелік шараға қатысып жатырмыз», - деді мектеп оқушысы Нұрзия Шәріпова.


Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қаладағы мектептерде білім алатын 80 бала мемлекеттік лагерьде тынығатын болады. 10-14 жас аралығындағы оқушылар 5 күн бойы демалып, далада құрылған шатырларда ұйықтайды. Лагерьдегі тәртіпті полиция қызметкерлері арнайы бақылайды. Cебебі, лагерьге арнайы шақырылғандар полиция тіркеуіне алынған, тәртібі нашар балалар. Қылмыстың алдын-алуға, жасөспірімдерді тәрбиелеуге бағытталған жұмыс кезінде спорттық-патриоттық жарыстар ұйымдастырылды. «Бұл шараның мақсаты -жазғы каникул кезінде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оларды салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Шатырлы лагерлер өз тиімділігін көрсетеді. Балаларды ауызбіршілікке, татулыққа тәрбиелеуде үлкен маңызы бар», - дейді Ақтөбе облыстық ювенальды полициясының бастығы Ақтолқын Өтешова.