Ақтөбеде залалсыздандыру жұмысына арналған сұйықтық өндіріле бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде залалсыздандыру жұмыстарына арналған сұйықтық, антисептик шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Covid-19 жұқпалы індетіне байланысты жұмысын бастаған call-орталықты қарап шықты. Мұнда он маман үздіксіз қызмет көрсету тәртібінде жұмыс істейді. Облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер операторлардың жұмысын көрсетті. Мұнда 1 күнде 100-ге жуық сұрақ түскен.

Сонымен қатар, облыс әкімі тұрмыстық химия өнімдерін шығарумен айналысатын цех жұмысымен танысты. Бұған дейін тұрмыстық химия өнімін шығарған компания енді дезинфекция өнімдерінің 4 түрін, яғни, антисептик, хлоросептик әзірлейді. Өнімдер Өзбекстан, РФ экспортталады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин серіктестік басшысы Арыстанбек Жұмабаевқа ең алдымен жергілікті нарықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақтөбеде медициналық бетперде де шығарылады. Дәрі-дәрмек, 70%-90% спирт те бар. Мұнда әр ауысымда 5 мың дана бетперде дайындалып жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орынбасары Қайрат Бекеновке, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұловқа жергілікті кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуді және аймақты қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Маңыздысы - медициналық жабдықтардың санын арттыру, өзімізден артылған жағдайда ғана басқа елдерге тасымалдау. Сонымен қатар, қаладағы халық көп жүретін орындарда залалсыздандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, қолда бар мүмкіндікті толық пайдалану қажет» ,- деді Оңдасын Оразалин.