Ақтөбеде заңсыз қоқыс алаңдарын уақытылы тазартпаған әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл ғарыштық түсірілім кезінде 119 қоқыс алаңы анықталды. Әкімдік тек үштен бірін ғана жинап үлгерген.

Фото: pixabay

Ақтөбе облыстық экология департаментінің хабарлауынша, 2026 жылы Ақтөбе қаласы мен 5 аудан аумағында 119 қоқыс алаңы анықталды. Мұның бәрін белгісіз біреулер рұқсаты жоқ жерге тастап кеткен.

— Ақтөбе қаласының Алматы және Астана ауданы, Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау және Қарғалы аудандарында анықталған қоқыс алаңының 37-сі жойылды, яғни 31%-ы. Қоқысты уақтылы жоймағаны үшін Ақтөбе қаласы, қаладағы Алматы және Астана аудандарының және Мәртөк, Байғанин аудандарының, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғаларына жалпы сомасы 300 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Облыс бойынша ғарыштық бақылау қараша айына дейін жүргізіледі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық экология департаменті.

Еске салсақ, былтыр ғарыштық түсірілім кезінде облыс аумағында 155 қоқыс орны анықталды. Ғарыш түсірілімі кезінде анықталған қоқыс алаңдарын тазартуға 300 млн теңге жұмсалды.