Ақтөбе облысында өткен тәулікте 56 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. «Сары» аймақтағы өңірде бүгін карантин шектеуі күшейтілді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аквапарк, жағажайлардың қызметіне тыйым салынды. Сонымен бірге қаладағы саябақ, скверлерде балалар мен ересектерге арналған қозғалыс құралдарын жалға беруге болмайды.
«Ұлттық құрамалар, клубтық командалар үшін спорттық жаттығуларға рұқсат берілді. Тек адам саны 30-дан аспауы тиіс. Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжаттамалық растау ұсынған жағдайда облыстық командаларды дайындау үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады. Тез дайындалатын тамақ өнімдерін, кофе, балмұздақ сататын нысандардың жұмысына рұқсат бар», - деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қоғамдық көлікке, таксиге, әуежайға, теміржол вокзалдары мен автовокзалдарға, азық-түлік және азық-түлік емес базарларға, аялдама павильондарына, үй кіреберісі мен жеделсаты, ауладағы балалар алаңдарына және басқа да қоғамдық орындарға санитариялық және дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді күшейту тапсырылды. Ал саябақтарда 3 адамнан ғана бірге тынығуға болады. Топ болып жиналуға тыйым салынған. Жерлеу кезінде адамдар 2 метр арақашықтықтықты сақтап тұрады. Онда да адам саны 20-дан аспауы керек.