Ақтөбе қаласының әкімдігі бүгін жаңа автобустардың мүмкіндіктерін таныстырды. Ресейден сатып алынған маршрут салонына үш бейнекамера қондырылған, егер үш есігі жабылмаса, қоғамдық көлік орнынан қозғала алмайды. Әрі әр автобустың сырты ою-өрнекпен безендіріліп, қазақтың біртуар азаматтарының аты-жөні жазылған. Сонымен қатар, «AktobeBUS» мобильдік қосымшасы іске қосылды.
«AktobeBUS» мобильдік қосымшасына қаланың 50 маршруты енгізілді. Кез келген жолаушы өзіне қажетті бағытты таңдап, автобустардың қай жерде келе жатқанын біле алады. Күн сайын қала бойынша үш автопарктен 350 автобус шығады. Сонымен қатар, диспетчер орталығымен байланысқа шығып, мобильді қосымша туралы шағымын, ұсыныстарын білдіре алады. Арнайы құрылғы зауытта қондырылған»,- деді Жолаушылар тасымалы орталығының директоры Азамат Тайтақов.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Ақтөбе қаласының әкімдігі Қазақстанның даму банкімен бірлесіп 100-ден астам автобус сатып алуды көздеп отыр.