Ақтөбеде жанып кеткен 9 қабатты үй жөнделіп, тұрғындар өз баспанасына оралды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің ортасындағы көпқабатты үйден өрт шығып, 30 пәтер жарамсыз болып қалды. Арнайы комиссия тексеруінен соң пәтерлердің бәрі демеушілердің көмегімен жөнделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бүгін өрт шығып, пәтерлері тұруға жарамсыз болып қалған тұрғындармен кездесті. Арада 2 ай өткенде пәтердің бәрі жөнделіп, демеушілер жиһаз және тұрмыстық техника сатып алып берді.

«Арнайы комиссия тексеруінен соң 30 пәтерге әртүрлі деңгейде зақым келгені анықталды. Барлығы 29 пәтерге терезе, есік қондырылды. Сонымен қатар, 19  пәтерге ішкі жөндеу жұмысы жүргізілді. Қазіргі кезде 16 пәтердің жөндеу жұмысы толық аяқталып, тұрғындар өз мекеніне орналасты. Ал үш пәтерде жөндеу жалғасып жатыр. Бәрі де құрылыс компанияларының есебінен, демеушілікпен жүргізілді. Комиссия зақым келген тұрмыстық техниканы анықтап, барлығын ақтөбелік кәсіпкерлердің көмегімен алып беруге мүмкіндік жасады», - деді қала әкімдігі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы Бекболат Нұрашев.

Әрі жанып кеткен жиһаздың орнына жаңасы алынды. Ал өрт шыққан 69 пәтердің есік-терезесі салынып, жиһазы жасалып жатыр.

Айта кетейік, 4 қазан күні Ақтөбе қаласының орталығындағы 9 қабатты үйден өрт шықты. Жедел арнайы комиссия құрылып, шығынды есептеу жұмысы жүргізілді. Ал өрт кезінде тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға көмектескен студенттер арнайы марапатталды. Олардың екеуі де студент болып шықты.