Ақтөбеде жарты жылда мың адам ит-мысықтан зардап шекті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бұралқы иттерді аулауға 100 млн теңге бөлінді. Қаржы төрт бағыт бойынша жұмсалып жатыр.
Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 6 айда жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейінен 1000 адам зардап шеккен. Адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ.
Ал Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжановтың айтуынша, 2025 жылы итті аулауға 100 млн теңге бөлінді.
- Итті аулауға 57 млн, күтіп-бағуға 34 млн, бірдейлендіруге 2,5 млн, стерельдеуге 6 млн теңге бөлініп отыр. Қаржы кезең-кезеңімен игеріліп жатыр. Облыс бойынша 15 мыңнан астам бұралқы ит, 383 мысық ауланды. Оның көбі Ақтөбе қаласына тиесілі. Уақытша күтіп ұстау бекетіне 1500-ден астам итті апарды. Стерильдеуден өткен соң сырға салады, ақпараттық жүйеге тіркеледі және өз жеріне қайта жіберіледі,- деді Бердімұрат Бекжанов.
Айта кетейік, былтыр ит-мысықты аулауға бұдан екі есе көп қаржы бөлінді.