Ақтөбеде ит аулау жұмыстары қалай жүріп жатыр

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысы бойынша биыл бұралқы итті аулау, уақытша ұстау, стерильдеу жұмыстарына 201 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Қазіргі кезде ит аулау жұмыстары жүріп жатыр. Тілші материалында осы жұмыстың қыр-сыры кеңінен тарқатылады. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Өз үйінде өз иті қапты

Ит аулау жұмысын мойнына алған қызметкерлер үнемі сергек жүруі керек. Себебі, шақыру тек күндіз емес, түнде де болуы мүмкін. Мәселен, 14 қаңтар күні ақтөбелік азамат өз үйінде жүріп, өз итіне таланып қалды. Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы қалалық бөлімінің өкіл маманы Асылбек Жантілеуовтің айтуынша, сағат 02:00 шамасында ротвейлер тұқымды иттің қапқанын естіген кезде бірден мамандарды оқиға орнына жіберген. Ит құтырма ауруына қарсы екпе алған, дәрігерлер бақылауында болған. Соған қарамастан, еш себепсіз иесіне шабуыл жасап тұр. Төрт аяқты серігінен жапа шеккен ақтөбелік көп ұзамай өз алғысын да білдірді.

- Бұл итті бағып жүргеніме 4 жылдан асты. Қызым 18 жасқа толғанда сыйлаған едім. Ит біздің жанымызда, үй ішінде өсті. Сол күні кешкілік аула ішін жинап, үйге кірдім. Сырт киімімді шешіп жатқан кезде шабуыл жасап, тістеп алды. Не болғанын білмей қалдым. Қолымды, кеудемді жарақаттады. Бірден ауруханаға барып, келген соң ит аулайтындарға хабар бердік. Түнгі сағат 02:00 шамасында келіп, итті жансыздандырды. Демалыста, түнде келген қызметкерге алғысымды айтамын, - деді Михаил Пеннер.

Ит аулап жүргенде өзімізді де бірнеше рет қауып алды – маман

Ақтөбе қалалық ветеринариялық стансасында бірнеше ит аулаушы қызметкер бар. Олар кез келген уақытта, кез келген күні тапсырыс қабылдап, аулау, жансыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Ереже бойынша тұрғындар 109, 102, 8 7132 45-44-21 байланыс нөмірлері арқылы шақырады. Оны қабылдап алған маман кейін ит аулайтын қызметкерлерге нақты мекенжайын, қажет болса фотосын қоса жібереді. Қазіргі кезде мамандарда бірнеше құрал бар. Ал көлігі мен ит тиеп алатын тіркемесі жеке. Жанында да еш адам болмайды. Көбіне бұл жұмысты жалғыз жүріп атқарады.

- Сұраныс бойынша барып, ит аулайтын құралдарымызбен жұмыс істейміз. Торға түсіру үшін кейде алдына тамақ береміз. Кейде ұзын әрі мойнын қылғындырып ұстауға мүмкіндік беретін таяқты пайдаланамыз. Ал егер қарсы шауып, тістемек болса жансыздандырамыз. Қажет болса видеоға да түсіріп аламыз. Кейде бір жерден екінші жерге барған кезде топ болып жүрген жануарды таппай қаламыз. Ол кезде бір күннен соң қайта айналып соғамыз. Топ боп жүрген ит қауіпті. Арасында біреуі қабаған болса, бірі жүгіргенде, өзгелері қоса адамға шабуыл жасайды, - деді Рақымжан Нукусов.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, кез келген иттен қауіптеніп, қашық жүрген абзал. Мұндайда бір топтағы бар итті бірден аулап алуға тырысады. Көліктің тіркемесіне де 10 ит сыйып кетеді.

- Кейде өзімізді де ит қауып алады. Сондықтан жыл сайын құтырма ауруына қарсы вакцина салдырып жүреміз. Жұмыс кезінде ит иесі де бізге қарсы күш қолданғысы келеді. Көлікке жүгіріп, терезені сындырмақ болған адамдар да кездесті. Жұмыс жеңіл емес. Егер арыз түссе, иесі болса да итті орталыққа жеткіземіз, - деді Рақымжан Нукусов.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бір итке ота жасау үшін бір сағат уақыт керек – ветеринар

Итті аулап, орталыққа жеткізген соң оны даладағы арнайы торға қамайды. Ал ота жасалатындары бөлініп, ғимарат ішіндегі торға кіргізіледі.

- Итті қарап, жарасы бар ма, жоқ па тексереміз. Кейде ісігі бар, үстіне кене жабысқандары да әкелінеді. Ол иттерге ота жасалмайды. Жалпы ота жасар алдында үш күн бойы итті аш ұстаймыз, себебі отадан соң құсып тастайды. Негізі операция жасалғаннан кейін шағын торда үш күн ұстап, ғимарат ішіндегі жалпы торға ұрғашы итті 12 күн, еркегін 7-8 күн қамап қоямыз. Күніне 5-10 ота жасалады. Бір итке бір сағат, кейде 2 сағатқа жуық уақыт керек болады. Ота кезінде өліп қалған ит болмады, - деді ветеринар Берік Абдрахманов.

ит
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, дерті асқынған ит ғимарат ішіндегі торға мүлде кіргізілмейді, бірден жансыздандырылады.

ит
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Волонтерлер кедергі келтіріп, шу тудырады - Асылбек Жантілеуов

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенімен, ветеринария стансасында қабылдау орны жоқ. Сондықтан бұл жұмысты жеке кәсіпкер өз міндетіне алып отыр.

- Бұралқы ит өте көп. Күн сайын аулау жұмысы жүргізіледі. Бізге тәулігіне 50-60 шақырту, арыз түсіп тұр. Шақыртусыз-ақ көшеде көріп жүрміз иттің көп екенін. Жұмыс кесте бойынша жүргізіледі. Қалада барлығы 8 аулау қызметі жұмыс істеп тұр. Оларға тұрғын алаптар бөлінеді. Мектеп жаны, аялдама маңы жіті назарда болады. Кейде шұғыл шақыртуға шығады. Адамдарды қапса аулауға негіз бар. Егер ит шабуыл жасаса, жансыздандырылады, - Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы қалалық бөлімінің өкіл маманы Асылбек Жантілеуов.

ит
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ит аулайтын қызметкер жалғыз жұмыс істейді. Көлігі де жеке. Тек әр итке ақы алады.

- Иттің түрі бар. Бұралқы итпен қатар, иесі бар иттер де жетерлік. Итін іздеп келетіндер сирек, сирек те болса кездеседі. Олар итін бос жібергені үшін айыппұл төлейді. Бірақ ол – біздің емес, полиция қызметкерлерінің жұмысы. Негізі ветеринар дәрігерлердің жұмысына ит аулау, оны стерильдеу қоса беріліп тұр. Ал біз төрт түліктің эпозотиялық жағдайын бақылап, адамдардың таза ет пен сүтті тұтынуын қамтамасыз етуіміз керек. Қазір «аңшылық» қызметті де қатар атқарып жүрген секілдіміз. Алдағы уақытта «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына қайта өзгерту мен толықтыру енгізіледі деп ойлаймыз, - дейді Асылбек Жантілеуов.

ит
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұралқы ит қаладағы құрылыс алаңдарында өте көп. Ақтөбенің «Алтын орда», «Есет батыр» тұрғын алаптарында жиі кездеседі. Себебі, құрылыс компанияларының күзетшілері ит асырап, кейін бар жұмыс біткен соң оны далада иесіз қалдырып кетеді. Ветеринарлар волонтерлермен арадағы қарама-қайшы көзқарасты да жасырмады.

- Біз еріктілермен байланысып отырамыз. Бірақ олар бұралқы иттерді күтіп ұстаумен айналыспайды, біздің қызметімізге кедергі келтіріп жүреді. Адамға шабуыл жасады деп шақырту түссе, еріктілер де сонда жүріп, «өлтіріп жатыр» деп видеоға түсіріп, қоқан-лоқы көрсетеді. Бұл – дұрыс емес. Әлеуметтік желіге де салып, қызметімізге нұқсан келтіреді. Жұмыстың бәрі заң аясында жүргізіледі.

Ит иесі өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сонда мұндай көп болмас еді. Итке вакцина салса, стерильдеуден өтсе, қаппайды деген – бос сөз. Ол – жыртқыш, аш кезде шабуыл жасайды, - деді Асылбек Жантілеуов.

ит
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Уақытша ұстау бекетін салу үшін жер бөлінеді

Ақтөбе облысы бойынша былтыр бұралқы итті күтіп, бағуға 224,7 млн теңге қаржы бөлінді. Қалалық және аудандық ветеринария стансаларында бір көзден келісімшарт жасалды.

- «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 15-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес облыс тұрғындарынан түскен арыз бойынша 5136 қаңғыбас ит және 470 мысық ауланды. Оның барлығы стерильденіп, екпе салынып және «Таңба» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Кейін бұрынғы мекендеу ортасына жіберілді. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында орналасқан уақытша ұстау пунктінде 90-нан астам қаңғыбас ит күтіп-бағуға әкелінді. Ақтөбе қалалық ветеринария стансасы жеке тұлғаға тиесілі бекетпен арада келісімшарт жасады. Ал аудандық ветеринария стансаларында уақытша ұстау орны жоқ. Олардағы ветеринария стансасы жанында арнайы тор жасалып, күтіп-бағу жұмысы атқарылып жатыр, - деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Дін-Мұхамед Батыршин.

Қаржы министрлігінің «Қазақстан Республикасының Біріңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері» туралы бұйрығына сәйкес қаланың, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі уақытша ұстау пунктілерін салуға міндетті.

- Қазіргі кезде Ақтөбе қаласы және 9 ауданда жалпы көлемі 8,18 га болатын жер бөлінді. Ал Ойыл, Ырғыз және Мұғалжар аудандарында жер белгіленіп, комиссия отырысына ұсынылған. Жануарларды уақытша ұстау пунктілерін салу жөніндегі нормативтік-техникалық жобасы бекітілмеген соң жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу мүмкін болмай отыр, - деді Д. Батыршин.

Айта кетейік, биыл қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, бірдейлендіру, стерильдеу жұмыстарына 201,5 млн теңге қарастырылды. Оның ішінде аулау жұмысына 53,1 млн теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес 18390 бұралқы ит пен мысықты аулау қарастырылған.

ит
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Итті қатыгездікпен ұрып-соқса әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылады

Ақтөбе облыстық полиция департаменті де қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-1-бабы (Жануарларға қатыгездікпен қарау) бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Егер ит-мысықты, кез келген жануарды себепсіз қорлау дерегі тіркелсе, 5 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін айыппұл салу жазасы қарастырылған.

- Жануардың мертігуіне немесе өліміне әкеп соққан кезде Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бұл бап 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап, бір жылға дейінгі мерзімге қамауға алу жазаларын қамтиды. Сондай-ақ түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру жазалары да көзделген. Полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік таныту, оның ішінде иттер төбелесін заңсыз ұйымдастыру деректерін анықтау үшін әлеуметтік желілерге ұдайы түрде мониторинг жүргізеді» - дейді Ақтөбе облыстық ПД табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Серік Елеуов.

Соңғы жаңалықтар