№2 Ақтөбе қалалық сотында ҚАЖД КА-168/3 мекемесінің бастығы Д.Әбдірахманға қатысты сот отырысы болды. Оған Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, биыл қыркүйек айында Д.Әбдірахман жазасын өтеушіден 450 мың теңге пара алған. Ол осы арқылы камералық үлгідегі үй-жайдан казармаға ауыстыру және болашақта жұмыспен қамтамасыз етуге уәде еткен. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
«Прокурор соттан 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сот сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде шынайы өкінгенін және балаларын негізге алды. Дегенмен сотталушы антты бұзған. Сот Д. Әбдірахманды мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.