Ақтөбеде жеңіл және жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші көз жұмды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Темір ауданында жеңіл және жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе-Астрахань» тасжолының 189 шақырымында «Рено Дастер» маркалы автокөлігінің 49 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетті. Сол кезде жүк көлігімен соқтығысты.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Рено Дастер» автокөлігінің 42 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Екі жолаушы Темір ауданының орталық ауруханасына жатқызылды. Тексеру барысында полицейлер «Рено» көлігі жүргізушісінің өткен жылдың басында мас күйінде машина айдағаны үшін 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі, яғни, «Жол қозғалысы ережесін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы баптың санкциясы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.