Ақтөбеде жергілікті билік үш күнде қаланы қоқыстан тазартуға уәде берді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында қоқыс уақытылы шығарылмай жатыр. Бұрын қоқыс шығарған компания жұмысын тоқтатып, бүгін әкімдік тұрмыстық қалдық таситын 10 компанияны таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында қоқыс үш апта бойы шығарылмай, тұрғындардың шағымы көбейді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қоқыс тасыған «Ақжол LTD» ЖШС 1 мамырдан бастап өз қызметін тоқтату жөнінде шешім қабылдаған болатын.  Ал «Таза қала» коммуналдық кәсіпорны үш рет сатуға шығарылып, ешкім алмаған соң қызметін тоқтатуға шешім қабылданды. Енді Ақтөбе қаласындағы қоқысты 10 компания шығарады.

«Ақтөбе қаласындағы қоқысты шығару екі компания үшін қиын болды. Ал соңғы кезде «Ақжол LTD» ЖШС өз міндетінен бас тартты. «Таза қала» жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сондықтан қаланы 10 бөлікке бөліп, конкурс жарияланды. Бұған дейін жергілікті кәсіпкерлерді көмектесуге шақырып, олардың қызметін пайдалануға туралы келді. Олардың арнайы техникалары болмаған соң қиындықтар кездесті. Енді арнайы мекемелер өз жұмысына кіріседі», - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласынан жыл сайын 200 мың тонна қоқыс шығарылады. Әр аудан, ауылдық округтен шығарылатын қоқыс көлемі әртүрлі.

«Қоқыс шығаратын компаниялардың барлығы ақтөбелік кәсіпкерлерге тиесілі. Сондықтан әкімдік пен компания өзара келісімшартқа қол қоймай тұрғанда да олар өз қызметін жасап, көмектесті. Халық шағымы көбейген соң қала әкімі, арнайы бөлім тұрмыстық қалдық мәселесін бақылауға алып отыр. Бар болғаны үш күнде мәселе шешіледі», - деді қала әкімінің аппарат басшысы Нұрлан Күнтуов.

Ақтөбе қаласының әр тұрғыны қоқыс үшін ай сайын 105 теңге төлейді. Қоқыс шығару қызметіне алдан-ала төлем жасаған адамдар ақшасын бұрынғы компаниялардан қайтарып ала алады.