Ақтөбеде жергілікті дизайнерлер мен тігіншілердің сән көрсетілімі өтті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде тігіншілер мен дизайнерлер өз киім үлгілерін көрсетті. Сән көрсетіліміне 50 адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде дизайнерлер мен тігіншілер алғаш рет бас қосты. Осы арқылы дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығы жергілікті қолөнер шеберлерін біріктіріп, үлкен істерді бірлесе шешпек. Сән көрсетілімі кезінде аудан, ауылдан тігіншілер келіп, олар өз киім үлгілерін көрсетті. Көбі ұлттық киімге басымдық берген. Жаңа бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдап, сәттілік тіледі.



«Аудан, ауылдан келген адамдарға бұл тәжірибе алаңы болады. Соңғы сән үлгілерімен қатар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек. Біз дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығын қолдаймыз. Алдағы уақытта «Аналарға тағзым» орталығы ашылады. Орталықта қолөнер шеберлерінің де өз қолтаңбасы болады»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.



Сән көрсетіліміне Ақтөбедегі сәнгерлер студиясының жастары мен балалары қатысты. Олар өздеріне тігілген киім үлгісін көрсетіп, арнайы жолмен жүріп өтті.



«Киім тігу ұрпақтан ұрпаққа тарап келеді. Әжем, анам киім тігіп, ұлттық киімдердің үлгісін сақтап қалуға септігін тигізді. Ал өзім 2011 жылдан бері осы салаға келдім. Бұған дейін есепші болып, жұмыс істеген едім. Адамның бойындағы талант пен шеберлік, анадан үйренген өнер жеңіп шығады екен. Мен жылына екі рет дизайнерлік топтаманы жаңартып тұрамын. Әрқайсысы бір данамен тігіледі»,- деді «Асыл қазына» брендінің дизайнері Малина Дүйсенбаева.



Сән көрсетіліміне прокуратура, полиция қызметкерлеріне арнайы киім тігіп жүрген шеберхана иелері де қатысты. Мемлекеттік мекемелерден тапсырыс қабылдайтын тігіншілер бұл жолы арнайы киім үлгілерін көрсетті.



Айта кетейік, сән көрсетіліміне қатысқан дизайнерлер мен тігіншілер шеберлік сабағына қатысады. Сонымен қатар, олар мата таңдау, сатып алу, қажетті бұйымдарды жасау жолдарын үйренеді.