Ақтөбеде жетім қалған балалар баспаналы болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Алға қаласының орталығында салынған үйден жетім балалар да пәтер алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбенің Алға алға қаласында бүгін 5 қабатты тұрғын үй пайланауға берілді. Барлығы 60 пәтерлі тұрғын үй бірнеше жыл бойы баспанасыз жүрген адамдарға бөлінді. Кезекте тұрғандар арасында аз қамтылған отбасы, жетім балалар мен мемлекеттік, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін адамдар бар.

«Алға балалар үйінен 2010 жылы шықтым. Содан бері пәтер кезегінде тұрмын. Қазір өз отбасым бар, төрт баланың анасымын. Өзімді бақытты сезінемін. Бірақ бүгінге дейін өз үйім болған жоқ. Бүгін маған үш бөлмелі пәтер берді. Үлкен алғысымды білдіремін»,- деді пәтер иесі Ольга Васильева.

Пәтер кілтін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етті. Барлығы 60 пәтердің басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, мемлекеттік қызметкерге тиесілі болды. Сонымен қатар, апатты үйде тұрған адамдар да пәтер алды.

«Әрбір адам үшін баспана қажет. Баспана болса бәрі болады. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы елімізде тұрғын үй салынып жатыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан бағдарлама қазақстандықтарды пәтермен қамтамасыз етуге бағытталған. Өткен жылы 40-50 жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізіп, облыс бойынша 793 мың шаршы метр пәтер берілді. Бұл - Ақтөбенің 6800 тұрғыны пәтерлі болды деген сөз. Алға ауданында да соңғы 20 жылда мұндай құрылыс жүрмеген. Бүгін 60 пәтерлі үй берілді»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбенің Алға ауданында 1500-ден астам адам пәтер кезегінде тұр.