Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті бірлескен шешім шығарды. «Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл инвестициялық бағдарлама аясында 2,8 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 2,3 шақырымдық сумен жабдықтау жүйесін жаңартуға 1,1 млрд теңге жұмсалады. Ал 1,8 шақырымдық жылумен жабдықтау жүйесіне 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Су бұру жүйесін жаңартуға 653 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады.
— Сумен жабдықтау жүйесінде 4, су бұруда 2 және жылумен жабдықтау жүйесінде 5 жоба бар. Сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту кезінде диаметрі 160 мм болатын полиэтилен құбыр салынады. Сонымен бірге биыл Ақтөбе қаласында «Емшан», «Онкология» қазандығының жылу желілері жаңғыртылады, — деп хабарлады Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Үкімет Абай облысының жылу желілерін жылыту маусымына дайындауға 2,5 млрд теңге бөлді. Қаладағы сыртқы жылу желілерінің жалпы ұзындығы — 325,5 шақырым.
Желілердің тозу деңгейі 58,2% немесе 189 шақырым, бұл инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажет екенін көрсетеді.