Ақтөбеде жол апаты кезінде көлік өртеніп, екі адам көз жұмды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жол апаты Ақтөбе — Астрахань тасжолында болды. DAF маркалы жүк көлігі екі жеңіл көлікпен соқтығысты.

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе — Астрахань республикалық маңызы бар автожолының Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылы маңында ірі жол-көлік апаты тіркелді.

DAF маркалы жүк көлігі Toyota Camry маркалы екі жеңіл автокөлікпен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көліктің бірі сол жерде өртенді. 

— Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ түрлі дене жарақатын алған сегіз адам Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себебін анықтап жатыр, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Алматыда көлік бес жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол апаты бүгін таңертең Алматының Медеу ауданындағы Зенков көшесінде болды.