Оқиға 24 наурыз күні кешқұрым Едіге батыр даңғылы бойында орын алды.
«Опель-Вектра» автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі мектеп оқушыларын қағып кетті. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі оқушының бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Сот-медициналық сараптама тағайындалып, 20 жастағы жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама кезінде жүргізушінің ішімдік ішпегені анықталды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Ақтөбе медицина орталығына жеткізілген 15 жастағы жасөспірімнің денсаулығы туралы мәлім етті.
«Қазір науқастың жағдайы тұрақты, қан айналымы бірқалыпты. Жансақтау бөлімінде ем қабылдауын жалғастырады. Бала есін біледі», - деді ведомстводан.
Айта кетейік, жыл басынан Ақтөбеде жол-көлік апаттары салдарынан 27 бала түрлі дене жарақатын алды.