АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Самара-Шымкент тасжолында жол-көлік апаты болып, бір жолаушы мерт болды. Бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін сағат 6:00-де «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданы маңында «Тойота Эстима» маркалы көлігі аударылып қалды. Көліктегі барлығы 8 адам болды.
«Бішкектен Ресейге бағыт алған көлік ішінде 7 қырғызстандық, бір ресейлік азамат болған. Жол апаты кезінде 40 жастағы бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Біреуі ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдап жатыр. Сот алды тергеу жұмысы басталды. Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем мен полиция жұмыс істеді.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.