Ақтөбеде жол-көлік апаты кезінде екі адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Жол-көлік апаты Самара - Шымкент тасжолында болды. Жүк және жеңіл көлік соқтығысып, жүргізуші мен кәмелет жасқа толмаған бала көз жұмды.

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Әйтеке би аудандық полиция бөлімінің бастығы Әкімгерей Балмағамбетовтің айтуынша, жолда DAF жүк көлігі мен BMW маркалы жол талғамайтын автокөлігі соқтығысқан.

- Соқтығысу салдарынан BMW автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Аталған көліктің бес жолаушысы және DAF жүк көлігінің жүргізушісі медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Ауруханада кәмелет жасқа толмаған бала көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалды, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр,- деді Әкімгерей Балмағамбетов.

Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында демалыс күндері Ақтөбе қаласы аумағында профилактикалық іс-шара өткізді. Барлығы 817 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 700-ден астамы жол қауіпсіздігіне қатысты болды. 36 көлік арнайы тұраққа қойылды, оның ішінде 4 шетелдік есептегі автокөлік және 1 мопед бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда жол апатынан екі адам мерт болды.