Ақтөбеде жолақыны қымбаттату туралы ұсынысты әкімдік кері қайтарды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде тасымалдаушы компаниялардың жолақыны қымбаттату туралы ұсынысын қалалық әкімдік кері қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселе әкімдік жанындағы қоғамдық кеңесте талқыланған. Кеңес мүшелері бағаны өсіру туралы тасымалдаушылардың айтқан ұсыныстары әлі де толықтыруды қажет екендігін айтып, қайтып берген. Жолақысын өсіруді талқылау барысында  көптеген сауалдар туындаған. Мысалы, қызмет көрсету сапасын жақсарту, жолаушыларға билет беруге қатысты сындар айтылған.  Осының барлығын ескеріп, жергілікті атқарушы билік шығындарға қатысты құжаттарын толықтырып әкелуді сұрады.

«Кеңес мүшелері ұсыныстарын айтты.  Халыққа қызмет көрсету жағын дұрыстау керек. Шығындарын қайта қарау керек. Қосымша құжаттар талап етіп отырмыз. Біз өз тарапымыздан есептеудің өз әдісі бар. Мәселе әлі де қаралып жатыр», - дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров.

Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен «Автопарк» және «ПАТП» ЖШС айналысады. Олар жолақысын қымбаттату туралы мәселені өткен жылдың қарашасынан бері көтеріп келеді. 

Троллейбус паркі 105 , ал автобус паркі 130 теңгеге дейін  көтеруді сұрады.  Жол пұлды өсіруге қатысты айтқан уәждері -  автоқосалқы бөлшектері, газ бағасының қымбаттауы. Оған қоса, шығындары да артқан. Айта кетсек, қазір Ақтөбеде қоғамдық көлікте жүру құны - 55 теңге.

Зада Зейін