Ақтөбеде жолдарды қысқы мезгілге дайындау мәселесі қаралды. Қалада 357 арнайы техника дайындалған. Жол 18 учаскеге бөлініп, мердігер ұйымдар бекітілді.
- Қыс басталғанға дейін 1 650 тонна тұз және 1 410 тонна құм-тұз қоспасын дайындау жоспарланған. Шалғайдағы тұрғын алаптарда жолдарды жедел тазалау үшін техника мен көктайғаққа қарсы материалдар сақталатын жол-пайдалану пунктері ашылады,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың мәліметінше, жергілікті маңызы бар жолдардағы 174 учаскеде 55 мердігер ұйым қызмет көрсетеді. Қысқы маусымға 381 арнайы техника дайындалып, 4,4 мың тонна көктайғаққа қарсы материал және 12,6 мың тонна дизель отыны әзірленген. Жалпы 2026 жылы облыстық және аудандық жолдарды күтіп-ұстауға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 5 мың метр қар тоқтататын құрылғы орнату және 53 бірлік арнайы техникаға GPS-мониторинг жүйесін енгізу жоспарланды.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, республикалық «Самара – Шымкент» тасжолының 763-1025 шақырылымы аралығында 59 арнайы техника бекітілген. Қар мен көктайғаққа қарсы жұмысқа 9,4 мың тонна ұсақталған тас, 2,9 мың тонна тұз және 16 мың тонна құм жиналады.
- Жол қызметтерінің арнайы техникаға деген нормативтік қажеттілігі әзірге толық қамтамасыз етілмеген. Қажетті 154-тің орнына қазіргі уақытта 127 техника бар. Жақын арада тағы 13 техника, оның ішінде төрт автогрейдер мен тоғыз жүк тиегіш жеткізіледі деп күтілуде. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы ұзындығы 246 шақырымды құрайтын қар басу қаупі бар 101 учаске анықталған. Жолдарды қорғау мақсатында 28 учаскеде темірбетон қоршау орнатылған, қалған бөліктерде қардан қорғайтын қалқан орнату жұмыстары жалғасып жатыр,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордалық журналистер «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турына қатысып, жол қызметінің қысқа дайындығын көрді.