Ақтөбеде жолды кесіп өтпек болған әжесі мен немересін көлік қағып кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жол-көлік оқиғасы кезінде жарақан алған зейнеткер көз жұмды, ал 9 жастағы қыз ауруханада жатыр.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Оқиға Ақтөбе қаласы Әлия Молдағұлова даңғылында болды. Бұл жерде жер үсті өткелі ғана бар. Ал әжесі мен немересі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. 

— «Lada-21901» автокөлігінің жүргізушісі ағайынды Жұбановтар көшесінен шығып, Әлия Молдағұлова даңғылымен қозғалады. Сол кезде 65 жастағы қария мен оның жанындағы немересін көлік қағып кетті. Екеуін де ауруханаға жеткізгенімен, зейнеткер көз жұмды. Ал оқушы қыз ауруханада жатыр. Қазір сот алды тергеуі басталды, ал көлік автотұраққа қойылды, — деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыз жабық бас-ми жарақатын алды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Ақтөбеде ескірткіге мас күйінде көлік жүргізген рэп орындаушысы Qarakesek ұсталды. Ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.