Ақтөбеде ЖРВИ жұқтырғандардың көбі балалар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл жыл басынан бері ЖРВИ инфекциясын жұқтырудың 110 мыңнан астам дерегі тіркелді. Оның 62% балалар.

Фото: Астана әкімдігі

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанованың айтуынша, қазір COVID-19 инфекциясының жаңа толқыны басталды деп қорқудың қажеті жоқ. Биыл Ақтөбеде аурудың бұл түрі мүлде тіркелмеді. Алайда ЖРВИ жұқтырғандар саны 110 мыңнан асты.

- Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жіті респираторлық вирустық инфекция бойынша 110 416 жағдай тіркелді. Олардың 62 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. ЖРВИ – тұмау емес. Тұмау тек зертханалық әдістермен расталады. Науқасты клиникалық жағдайына қарай ғана ауруханаға жатқызады. Ақтөбе облысы бойынша қазіргі уақытта стационарлық ем алушылар жоқ. Иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталады. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңір тұрғындарының 15 пайызын қамту жоспарланып отыр,- деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова.

Еліміз бойынша алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда бақылауда тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында оқитын, тәрбиеленетін жеткіншіктер вакцина қабылдайды. Бұл тізімде қарттар үйінің қызмет алушылары, мүгедектігі бар адамдар да бар.

- ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска кию режимін енгізу көзделген. Бұл талап жаппай маска тағу режимі енгізіледі дегенді білдірмейді. Ең маңызды мәселе – эпидемиологиялық жағдайды бақылау және профилактикалық шаралардың уақтылы жүргізілуі. Қазіргі уақытта COVID-19 бойынша «жаңа толқыны басталады» деп алаңдауға ешқандай негіз жоқ, жағдай тұрақты бақылауда,- деді Индира Аяғанова.

Айта кетейік, ШҚО-да тұмаумен ауырғандар саны 5 есеге жуық артқан. Тұмауға қарсы екпе салдыру науқаны 15 қыркүйекте басталады.