АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Шалқар ауданы Қауылжыр стансасында жүк пойызы рельстен шығып кетті. Қазір қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.
Оқиға бүгін сағат 10:00 шамасында болды. Ақтөбе-Шалқар бағытындағы жүк пойызында барлығы 58 вагонның 7-еуі рельстен шығып кетті.
- Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нақты неден болғаны сол кезде анықталады. Қазір Алматы-Ақтөбе және Алматы-Орал жолаушылар пойызы тоқтап тұр. Шамамен 1-2 сағатта қалпына келтірілуі мүмкін, - деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының директоры Бөріхан Беркімбаев.
Айта кетейік, жолаушылар пойызы әзірге Шалқар қаласында тұр.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.