Ақтөбеде журналист қаза болған лифт ақыры ауыстырылатын болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында ескі лифттерді ауыстыру үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Журналист Айзат Әбдісамат қаза болған лифт түбегейлі ауыстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жас келіншек Айзат Әбдісамат қаза болған лифт әлі сол күйі тұр. Журналистің анасы Айша Төлемісова мәлімдеме жасап, кінәлі адамның жазалануын талап еткен болатын. Бұдан соң «Жәнібек сервис» ПИК өкілдері тергеу жүріп жатқанын, ескі лифт ауыстырылатынын жеткізді.
 

«Лифттің дәл қай күні ауыстырылатынын айта алмаймын. Біз тұрғындардың 70 пайызы келісім берген құжатты әкімдікке тапсырамыз. Қайғылы оқиға болған подьездің адамдары келісіп отыр. Құжатты әкімдіктегі тұрғын үй инспекциясына тапсырамыз. Жиналысқа лифт ауыстыратын компания өкілі де келеді. Сол кезде нақты құны, ай сайын төлейтін ақы бекітіледі. Бәрі дайын болса, 1 айдан астам уақытта лифт ауыстырылады. Жобамен лифттің құны 7,5-10 миллион теңге болады», - деді «Жәнібек сервис» ПИК-інің өкілі Қайсар Сабыров.

Айта кетейік, журналист Айзат Әбдісамат қаза болған лифт ескі болған. Тұрғын үй 1997 жылы салынғанымен, лифт 1990 жылғы деп тіркелген.

«Бұл лифттің бұрын пайдаланылғаны немесе қоймада тұрып қалғаны белгісіз. Тергеу әлі жүріп жатыр», - деді Қайсар Сабыров.

Қазіргі кезде Айзат Әбдісаматтың отбасы 12 ықшам аудандағы көпқабатты үйден көшіп кеткен. Сараптама қорытындысы кезінде лифттің автоматикасы істен шыққаны анықталды.