Ақтөбедегі 4 жолаушының өлімі: такси жүргізушісі 5 жылға сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе-Орск тасжолындағы жол апаты кезінде 4 адам мерт болып, такси жүргізушіне Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен айып тағылды. Сот жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Фото: freepik.com

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында такси жүргізушісі Арстан Тажбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып, бүгін үкім оқылды. Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының тумасы такси қызметін ұсынып, көлігімен адам тасымалдаған. Биыл маусым айында аударылып қалып, төрт жолаушы көз жұмды.

- Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, 7 жылға көлік басқару құқығынан, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жәбірленушілердің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Жәбірленуші А.Ереминаның пайдасына 7 млн теңге, З. Бирманованың пайдасына 7 млн теңге моральдық, 2 млн теңге материалдық шығын өндірілсін, - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Сотта сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, алдындағы көлікпен соқтығысудан және жолдағы шұңқырдан қашып, рульді қатты бұрғанын, сол кезде аударылып қалғанын айтқан.

Еске салсақ, 5 маусым күні Ақтөбе-Орск тасжолында жеңіл көлік аударылды. Көлікте болған төрт жолаушы көз жұмды. Қайғылы оқиғаның алдында такси қызметінің жүргізушісін полиция тоқтатып, жол ережесін сақтау туралы ескерту бергені анықталды.