2020 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары жиналып, ферма жұмысына қарсы шықты. Ферманың жұмысын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
Тексеру кезінде 13,8 гектар жердің топырақ құнары бүлінгені анықталды, яғни 5,6 гектар жер қазылып, қатты және сұйық қалдық көмілген, қосымша дайындалған. Байбақты өзенінің бойындағы шаруашылыққа арналған жерге құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Экологиялық кодекс, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша үш іс қозғалды. Барлығы 7 миллиард теңгеден астам шығын есептеліп, айыппұл салынды.
Атқару өндірісі сот орындаушыларына 2021 жылдың шілде айында түсті.
— «Париж коммунасы XXI» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 7 027 459 824 теңге өндіру туралы іс 2021 жылдың 14-шілдесінде түсті. Қазіргі таңда атқару өндірісі орындалуда. Өндірілген сома — 151 459 382 теңге. Заң бойынша айыппұл екі айда өндірілуі керек. Егер атқару өндірісінде мүлікті бағалау, сату болса 4 айға созылады. Атқару өндірісі кезінде мүлкі сатуға да шығарылды. Оның бір бөлігі өтті, бір бөлігі сатылмады. Іс ауқымды. Қазіргі жағдай осы, — деді Ақтөбе облыстық әділет департаментінің аға сот орындаушысы Ақтілеу Ерекенов.
Оның айтуынша, елдегі заң талаптары бойынша айыппұлды өндіру үшін мүлік екі рет сатуға шығарылады. Алғашында баға жоғары болса, кейін төмендейді.
— Өндіру ісі кейін қайтарылуы мүмкін. Егер сот қайта жіберсе, қалған мүлкі қайта сатуға шығарылады. Ол үшін өндіріп алушы, бұл жағдайда мемлекет қайта жүгінеді, — деді Ақтілеу Ерекенов.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі де Kazinform сауалына жауап берді.
— Шошқа фермасы мәселесі бойынша осы кәсіпорынның мүлкі 2020-2021 жылдан бері сот шешімі негізінде бұғатталды. Қазіргі уақытта нысан мен тиісті жер телімі пайдаланылмайды, ал салынған айыппұл сомасы толық көлемде өндірілмеген. Сот атқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, — деп хабарлады министрлік.