Ақтөбе облысында тасқынға қарсы күрес жұмысы әлі де жүріп жатыр. Қазір төтенше жағдайлар қызметі бақылауды күшейтті.
- Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, жердің тоңы қазір 30-150 см болып тұр. Облыс аумағының шамамен 73%-да қар жатыр. Болжам бойынша өзендерде су 30-наурыз бен 12-сәуір аралығында көтерілуі мүмкін. Су тасқыны кезеңі қауіпсіз өтуі үшін биыл 2-наурыздан бастап азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары жоғары дайындық режиміне ауыстырылды. Облыста 5 500 текше метр су сорылды, ұзындығы 123 км болатын арық пен канал тазартылды, 640 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмысқа 157 адам, 93 техника жұмылдырылды. Облыс аумағындағы Ойыл, Ырғыз, Үлкен Қобда өзендерінің арналарында мұз жару жұмысы жүргізілді,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Әлішер Сарбаев.
Ақтөбе қаласында күн жылып, су сору жұмысы жүріп жатыр. Сонымен бірге арықтар тазартылды.
- Ақтөбе қаласы бойынша су тасқынына қарсы барлық шара қолданылды. 22 учаскеде су бұру жұмысы жүргізілді. Қалада 8 өзен, оның ішінде Елек, Қарғалы, Жаман Қарғалы сияқты өзендердің бойында барлық жұмыс атқарылды. Өзен жағасы бекітіліп, суағар жасалды,- деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында су айдындарындағы мұз қабатын әлсірету жұмыстары жүргізілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алдын алу шаралары аясында сеңнің кептелуін болдырмау және көктемгі тасқын сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін бақылаудағы жарылыс жұмыстары ұйымдастырылды.