Ақтөбе қалалық № 2 сотында сотталушы Жандос Әлімовке қатысты іс бойынша жарыссөз өтті. Сот отырысы барысында айыптау актісі де өзгерген. Бұған дейін тек Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тағылса, оған 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы қосылды. Бүгін сотта жарыссөз өтті. Прокурор сотталушы Жандос Әлімовтің 2021-2022 жылдардағы заңсыз істерін тізбектеді.
— Жандос Әлімов пәтерді кезекпен беру туралы заң талаптарын сақтамаған. Сөйтіп пәтерлерді заңсыз жекешелендіруге жол беріп, мемлекетке материалдық шығын келтірген. Мәселен Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің инспекторы қызметін атқарған куәгер «бюджеттік сала қызметкері» санаты бойынша 9939-ы болып кезекте тұрған. Соған қарамастан пәтер алу үшін өтініш жасап, бұл өтініш комиссияда қаралады. Комиссия оң шешім шығарып, оған Ақтөбе қаласы Гришин көшесіндегі үйден бөлме қарастырылады. Алайда бөлім қызметкері бөлінген бөлмеде тұрмады. Тұруға жарамсыз бөлмені алмастыруды сұрады. Ж.Әлімов кезек сақтау керек деген заң талабын бұзып, өтінішті қайтадан комиссияда қарауға рұқсат береді. Тағы да Гришин көшесіндегі жатақханадан бөлме беруге шешім қабылданды. Алайда сотталушы 2021 жылы Алтын орда шағын ауданынан пәтер беруге шешім қабылдайды. Пәтерге ие болған қызметкер арада бір жыл өткенде 2,2 млн теңге төлеп, пәтерді жекешелендіріп алады, — деді прокурор Сәкен Бертілеуов.
Дәл осылай 15 адамға пәтер кезектен тыс, заңсыз берілгені анықталды. Олардың арасында сотталушы Жандос Әлімовтің балдызы, өзі қызмет еткен бөлімнің мамандары мен олардың туыстары, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері бар. Кейбірі бірер айда пәтерді жекешелендіріп, кейін көп ұзамай сатып жіберген.
— Жандос Әлімовті Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы, 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпты деп танып, түпкілікті 6 жыл 8 ай бас бостандығынан, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұраймыз. Жазаны өтеу орны қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі деп қарастырылса, — деді прокурор.
Сотталушы тағылған айыпты мойындамады және өзінің мемлекеттік салада қызмет ету құқығынан айырмауды сұрады.
Еске салсақ, іс сотта төрт ай бойы қаралды. Әр эпизод бойынша куәгерлер шақырылды.