АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде бір сәтте бірнеше соттың электронды поштасына жарылғыш заттың қойылғаны туралы ақпарат түсті. Полиция тексеруден соң бомба табылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Ақтөбе қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Ақтөбе қалалық соты, Ақтөбе мамандандырылған әкімшілік соты мен Қарғалы аудандық сотының электронды поштасына бомба туралы ақпарат түсті. Ақпаратты полиция арнайы тексерді.
«Оқиға орнында саперлер жұмыс істеп, ғимаратқа тексеру жүргізілді. Барлық қажетті іс-шаралар өткізілді. Жарылғыш зат табылған жоқ», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, былтыр қыркүйек айында бір сәтте бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат түсті.
Ол кезде барлық мектеп оқушысы мен мұғалім қауіпсіз жерге шығарылып, полиция жұмыс істеді. Білім ордаларынан ешқандай бомба табылмады. Арада бір жыл өтсе де жалған ақпаратты кімнің жібергені анықталған жоқ.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысының Полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық құқықбұзушылық болып табылатынын және ҚР ҚК 273-бабында көзделген қылмыстық жауаптқа тартылатынын еске салады.
Фото: t.me/POLICE_of_KZ
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.