Ақтөбедегі әскери қызметкерлер «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Отан қорғаушы күні қарсаңында № 6655 әскери бөлімінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік мекемелердің басшылары, Ақтөбе әскери гарнизоны, құқық қорғау органдарының өкілдері, Ұлы Отан соғысының және ІІМ-нің ардагерлері, оқушылардың қатысуымен салтанатты шара болып өтті.

Жиналғандарды мерекемен құттықтаған аймақ басшысы біздің мемлекет қазақстандық армияның соғысқа қабілеттілігіне, Қарулы күштердің материалдық-техникалық қамтамасыз етуді арттыруға және әскери қызметкерлердің әлеуметтік қамтылуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Шараның барысында Бердібек Сапарбаев аймақта орналасқан әскери гарнизондардың 9 әскери қызметкеріне «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын табыстады. Бірқатар сарбаздар мен офицерлер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл мерекелік күні Қарулы күштер ардагерлері де наградаларға ие болды. Марапаттау рәсімінен кейін № 6655 әскери бөлімі қызметкерлерінің мерекелік шеруі өтті.

Сол күні аймақ басшысы Ақтөбе гарнизонының жабдықтаған арнайы техникамен танысып өтті. Бердібек Сапарбаев жорық ас үйінен сарбаздар ботқасынан да дәм татты, деп хабарлайды «Ақтөбе ақпарат» порталынан.