Ақтөбедегі автобус өрті: Депутаттар кінәлілердің барлығын табуды талап етті

АСТАНА. ҚазАқпарат ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Ақтөбе облысында автобустың өртенуінен 52 адамның ажал құшуына кінәлілердің барлығын табуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикалық комиссияның оқиғаны жазатайым оқиға деп бағалауы сенімсіздеу болып отыр. Автобустардың бағдарын өзгертіп, полиция бекеттерін айналып өтуі, автобустың бірінші қабатын заттарымен толтырып, өздерінің екінші қабатта сапар шешуге тосыннан ба? Жылынбайтын салонда дәнекерлегіш шам мен бензиннің болуын, ұзақ сапарға шығар алдында тыңғылықты тексеруден өтуі тиіс автобус қозғалтқышының істен шығуын тоссыннан болған деп ойлаудың өзі қиын», - деді депутаттық сауалды оқыған Тұрсын Сыздықов.

Оның атап өтуінше, тиісті министрліктер адамдарды тасымалдауға арналған көлік құралдарын біршама кешігіп бастаса да тексеру жүргізуді қолға алуы «сеңнің қозғалғанын» білдіреді.

Халық қалаулысының пайымынша, кейбір көлеңкелі құрылымдар Қазақстанды өзге елдерге адамдарды жеткізуде «транзиттік дәлізге» айналдыруға тырысуда. Мұнан бөлек, заңнаманы айналып өтіп, халықаралық тасымалмен айналысатын жүргізушілерді, әсіресе көлік құралдарының техникалық жай-күйін тексерместен рұқсат құжаттарын беру әрекеттерінің де болуы мүмкін.

«Проблемалардың басым бөлігі полиция шенділерінің, көлік инспекциясының қызметімен байланысты сияқты. «Жалған» құжаттар олардың қатысуынсыз немесе қамқорлығынсыз жасалмайтындығы белгілі. Бұл тізбе шекара және кеден қызметтерінің жұмысын тыңғылықты зерделеу қажеттігін көрсетіп отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, жолдардағы осындай қайғылы жайттың басты себебі ретінде «адами фактор» қарастырылуда және ол жедел шаралар қабылдауды талап етеді.

«Сондықтан да жүргізушілерді ғана жазалап қоймай, кінәлілердің барлық тізбесін анықтау, заңнамамызға сәйкес олардың жауапкершілік деңгейін айқындау қажет», - деді Тұрсын Сыздықов.

Айта кетейік, 18 қаңтар күні  Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды.

Кейіннен өртенген автобус иесінің лицензиясы болмағаны анықталды.