АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті қайырымдылық балын өткізді. Бал кезінде жиналған қаржы мүгедектер мен аз қамтылған отбасыларға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Медициналық университет биыл тағы да қайырымдылық балын өткізді. Шара сегізінші рет ұйымдастырылды. Кешке «Үздік медициналық кәсіптік білім беруді интернационалдандыру: Болашаққа көзқарас» халықаралық ғылыми-білім беру конференциясына қатысқан шетелдік ғалымдар, қала әкімі Ілияс Испанов және жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттер қатысты.
«Ақтөбе облыстық, қалалық әкімдіктері, облыстық мәслихаттың қолдауымен дәстүрлі қайырымдылық шарасы өтті. Бал кезінде жиналған 5 миллион теңгеден астам қаржы аз қамтылған отбасыларға, мүгедектік балаларға, жетім балаларға жіберілді»,- деді Марат Оспанов атындағы БҚММУ ректоры Ербол Бекмұхамбетов.
Айта кетсек, биыл бал «Бақытты бала» атауымен өтті. Барлығы 20 баланың ата-анасына 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған университеттің 38 студенті 50 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.