Ақтөбе облысының ауасын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйл» ЖШС мен «Қазхром» ТҰК» АҚ, «ИнтерГаз» АҚ секілді мұнай-газ бен хром зауыттары ластап отыр. Бұл компаниялардың үлесі 60 пайыздан асқан. Ал ауаны ластайтын көліктердің пайыздық үлесі 36-ға жетті. Ендігі жұмыс -көліктерді жаппай сұйытылған газға ауыстыру.
«Билік жағынан талап болуы керек. Экология департаменті мен прокуратура, облыстық ішкі істер департаменті жұмысты қолға алуы тиіс. Егер біздің ауамызды автокөлік ластаса, оларға түсіндірген абзал. Бізде газ бар, газ құю бекеті жеткілікті. Тіпті, қоғамдық көліктер ауаны ластап, дизельді отынмен жүреді, бұл масқара. Солардың бәрін ауыстыру керек»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өңірде тіркелген барлық автокөліктер саны 194 мың болса, соның 32 пайызы ғана газбен жүреді. Онда да мемлекеттік мекемелердің қызметтік көліктері есебінен былтыр пайыздық үлес 12-ге өсті. Облыста мемлекет меншігіндегі қызметтік көліктер 100 пайыз газбен жүреді.Қоғамдық тасымалмен айналысатын «Автопарк» ЖШС-і әкімдік міндетін орындауға асығар емес. Пайыздық үлес 35-ке енді жетті. Ал «Ақтөбе қалалық жолаушылар автокөлігі тасымалы» мемлекеттік кәсіпорны автобустың 92 пайызын газбен жүретін етіп қондырғы орнатты.
«Сұйытылған газбен жүретін автокөліктер санының артуына байланысты биыл шығын шамамен 10 мың тоннаға азаяды. Ал ілеспе газды залалсыздандыру жұмысы әрі қарай жалғасады. Газды атмосферада жағып отырған СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйл» ЖШС жыл сайын оның көлемін азайтып келеді. Өткен жылы ілеспе мұнай газын залалсыздандыру көлемі 6,1 миллиард текше метрді құрады. Ал 384 миллион теңге метр газ факельдерде жағылды»,- деді облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.