Ақтөбедегі мектепті көргенде 1-сыныпқа барғым келді - Божко

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру мақсатында Ақтөбенің бірнеше аудандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. Олар аудан, ауылды аралап, халыққа Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасын түсіндірді.

«Елімізде шағын несиеге бөлінетін 20 миллиард теңгенің 14 миллиард теңгесі ауылға беріледі. Шынын айтқанда, ауылдың жағдайы қалаға қарағанда төмен. Ал Ақтөбеде жағдай басқаша. Газ бар, бағасы арзан. Мен ауылға барғанда жақсы жабдықталған мектепті көрдім. Өзім 1-сыныпқа барғым келді. Ырғызда 600 орынды мектеп салынды, бір жылда 14 үйдің құрылысы аяқталды. Осы қалыпты сақтап, әрі қарай жұмыс істеу керек. Бастысы -шешім қабылдап, бәрін шешіп беретін адамды күтіп отыруға болмайды. Балаларға еңбекпен ғана бәрін жеңуге болатынын түсіндіру маңызды»,- деді Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко.

Ақтөбе қаласына келген Владимир Божко өткен жылы баспанасы су астында қалып, жаңа үй салуға мүмкіндік алған Қурайлы ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл ауылдан 81 адамға жер беріліп, әрқайсысына «Қолқанат Ақтөбе» қорынан 1 миллион теңге берілді. Ақтөбе қаласында аудан күндері өтіп, халық асармен құрылыс жүргізді.

«Ауыл жақсы жерде орналасқан, үйлер ұлутастан салынған. Мемлекет су тасқыны кезінде жапа шеккен адамдарды жалғыз қалдырмай, көмектеседі. Ақтөбеде де кәсіпкерлер көмек көмек берген. Ал құрылыс материалдары жергілікті жерде шығарылады. Еліміздегі басқа өңірлер әлеуметтік сұрақтардың шешімін Ақтөбеден қарап, тәбірибе жинап отыр. Мектеп, балабақша салынып жатыр. Сонымен қатар, Ақтөбеде газ бар, шалғай ауылдарға да жеткізілген»,- деді Владимир Божко.

Кездесу кезінде Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасының бірі, білім грантына ерекше тоқталды. Себебі, еліміз үшін техникалық, ауыл шаруашылығы саласына маман дайындау маңызды.

«Президент қосымша 20 мың білім грантын бөлді. Мектеп бітірген балалар енді техникалық, ауыл шаруашылығы салаға бағыттау керек. Балаларыңыз болса, заңгер, экономист, кеден қызметкері мен дипломат саласына емес, инженерлік, ауыл шаруашылығы саласын таңдағаны дұрыс. Елімізде осы мамандықтарға сұраныс жоғары, жұмысы да тұрақты. Жыл сайын 18 мың студент заңгер мамандығын алып шықса, олар қайда барарын білмейді. Техникалық мамандық ел экономикасын дамытуға қажет»,- деді Божко.
 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Владимир Божко Ырғыз ауданында болды.