АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде автобус өртіне қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Күдікке іліккен жүргізушілерді уақытша қамауда ұстау мерзімі 24 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы аумағында автобус өртеніп, 52 Өзбекстан азаматы жанып кеткен болатын. Сол кезде үш жүргізуші күдікке ілігіп, қамауға алынды. Олар: Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу мерзімі 12 маусымнан 24 маусымға дейін тағы ұзартылды. Бұл осымен төртінші рет қолданылған шешім.
Еске салсақ, автобус өртіне қатысты Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды. Бұған дейінгі тергеу барысында жүргізушілер өз кінәларын мойындаған жоқ.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.