Ақтөбе қаласының іргесінде өсімдік майын шығаратын зауытта кеше төтенше жағдай болды. Оқиғаны облыстық еңбек инспекциясы тіркеп, қазір тексеру жұмыстарын бастап кетті. Бірнеше медициналық сараптама тағайындалды. 62 жастағы бас инженердің өліміне әкеп соқтырған оқиғаның себебі дәрігерлердің қорытындысынан соң анықталуы тиіс.
«Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Басшылармен, жұмысшылармен сөйлесіп, мәселені тексерудеміз. Анық-қанығы сараптамадан соң белгілі болады. Қорытынды 10 күннен кейін шығарылады», - деді облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.
Облыстық жедел жәрдем ауруханасының дәрігерлері науқаспен сөйлесіп, «Ақтөбе Фудс» компаниясының зауытындағы мән-жайды анықтап үлгерді. Кеше жасы 40-қа жақындаған инженер-эколог зауыт ішіндегі жұмысты бақылап жүріп, арада 5 минут өткен соң есінен танып қалған. Сол сәтте оны тағы үш жұмысшы құтқару үшін жан ұшыра жүгіріп, оны сыртқа алып шыққан. Олар да уланған, бірақ естерінен танып, құламаған. Қазір біреуі ауруханада. Өзге үшеуі жағдайымыз жақсы деп ауруханаға жатудан бас тартқан.
«Науқастың жағдайы бірқалыпты. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды»,- деді облыстық жәдел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Жанқұлов.
Ауруханаға түскен науқастың сөзіне сенсек, жұмысшылар күкіртті сутектен уланған. Өндіріс кезінде түзілген қалдық тазартылған соң кәріз құбырына төгілуі тиіс болған. Сол аралықта қандай да бір қателік кетуі мүмкін. Қазір осы дерек бойынша арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр.