Ақтөбеде ретро әндер фестивалі өтіп жатыр. Бірер апта бойы дайындық жүргізген Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ұжымы бұл ән кешін көрерменмен тығыз байланыста өткізуді жоспарлаған екен. Көрермен ән тыңдайды, тіпті ортадағы алаңға шығып, билей алады. Бірақ Ерке мен Төреғалидің концертіндегі жайсыз оқиғадан соң жергілікті полиция қызметі тәртіпті күшейтіп, екі қатардан тұратын қоршаумен сахнаны бекітіп тастады.
«Ретро әндер фестиваліне жасы үлкен адамдар келеді деп 800 орындық қойылды. Ескі, есті әндерді тыңдап, бірге шырқайық деген мақсатпен ұйымдастырылған кеш еді. Ел Әнұранының авторы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне тұспа-тұс ұйымдастырып, ақтөбеліктерге тамаша көңіл-күй сыйлағымыз келді. Астана филармониясынан үш әнші, Алматыдан Мирас-Құралай Бекжановтар, Жадыра Арыстанова, Айгүл Елшібаева келді. Бәрі шақыруды қабылдап, бірден келісім берді. Жергілікті «Тамсан» тобы, Ер-Жүніс тобы бар. Репертуар арнайы таңдалып, сценарий жазылды. Осындай кеште қойылған қоршау кедергі келтіріп тұр»,- деді Ақтөбе облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев.
Ретро әндер фестиваліне Шәмші Қалдаяқовты көрген аға буын өкілдері де келді.
«Өзім Алматыда оқып, Шәмші Қалдаяқовты көрген адаммын. Студент кезімізде олар біздің жанымыздан табылатын. Кештерге қатысты, оның әңгімелерін естідім. Ретро әндер фестивалі болған соң жас кезімізді еске түсіру үшін келдік»,- деді ақтөбелік тұрғын Байұзақ Махмутов.
Айта кетейік, сахна алдындағы екі қатарлы қоршауды алып тастау туралы келісім Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиевтің арасында жүрді. Арада 1 сағат өткенде екі қоршау да алынып, кейін полиция қызметкерлері билікпен арадағы келісімге шүбә келтіріп, сарбаздарды сахна алдына күзетке қойды. Еске салсақ, Құрылысшылар күні Ерке мен Төрағали Ақтөбедегі саябақта ән айтып, көрермен сахнаға шығып кеткен болатын.