Ақтөбедегі тасжолда 11 көлік соғылып қалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында боран соғып тұр. Салдарынан Самара - Шымкент тасжолында 11 көлік соқтығысып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында қазір бірнеше бағытта жол жабылды. Олар Самара - Шымкент тасжолының Маржанбұлақ ауылынан БҚО аумағына дейінгі бөлігі, Бекқұл баба - Қарабұрақ ауылдарының аралығы.

Сонымен бірге Ақтөбе - Орск, Ақтөбе - Орынбор трассасында да боран күшейді. Ақтөбе - Атырау бағытында да көлік қатынасына шектеу қойылды. Самара - Шымкент тасжолының Маржанбұлақ ауылы маңында 11 автокөлік соқтығысты.

«Болжам бойынша боран салдарынан жол мүлде көрінбей қалған. Адамдар аман, алайда көліктер бүлінді. Ақтөбе облысының полицейлері жол қозғалысы кезінде жылдамдықты, арақашықтықты сақтауды ескертеді. Көктайғақ кезінде көлік құралдарының жүргізушілері кенеттен маневр жасамауы тиіс. Ал, жаяу жүргіншілер жолдан өту кезінде жақын маңда автокөліктің жоқ екеніне көз жеткізуі керек. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы барлық автожолдар жабық», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, кеше Ақтөбеде Mitsubishi Montero Sport автокөлігінің жүргізушісі Самара - Шымкент автожолының 938-шақырымында қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан Mitsubishi автокөлігінің жүргізушісі, 29 жастағы әйел Әйтеке би ауданының ауруханасына жатқызылды. Оның 31 жастағы жұбайы және 2017, 2015 және 2020 жылы туған үш баласы оқиға орнында көз жұмды.

Видеодан алынған кадр/ t.me/POLICE_of_KZ