Ақтөбе облысы бойынша №9 учаскелік пункт үздік деп танылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ведомство алқасының соңғы отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жаңа қызметтік автокөлік берілетінін айтты. Көп ұзамай уәде орындалып, көлік кілті табыс етілді.
«2016 жылдан бері учаскелік инспектор болып қызмет атқарып жүрмін. Министрлік сыйлығы - біздің жұмысымыздың көрсеткіші. Әкімшілік аймақта халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, әрбір шағым, арыз уақытылы шешіліп жатыр. Барлығы 9 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш жоғары, сол үшін де алғысқа бөленіп отырмыз. Көлік бізге қажет. Аумақ кең, көмек сұрайтындар көп. Дер кезінде жету үшін сыйға берген техниканы пайдаланымыз. Маңыздысы – алдын алу жұмыстары», - деді учаскелік инспектор Дастан Сұлтанғалиев.
Полицияның міндеті – азаматтардың тыныштығын қорғау, қоғамдық тәртіпті және азаматтарымыздың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов Жергілікті полиция қызметі басқармасының базасында гарнизондық ауысу және қоғамдық тәртіпті сақтауға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған полиция қызметкерлеріне нұсқама берді. Қала көшелерінің тыныштығын күзететін топтың дайындығын көрді.