Ақтөбедегі велошеруге зейнеткерлер қатысты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Астана күніне орай велошеру ұйымдастырылды. Қаланың бас даңғылымен жүріп өткен велосипедшілер арасында зейнеткерлер мен әкелі-бала қала тұрғындары да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Астана күніне велошеру өтті. Шеруге қала әкімі Ілияс Испанов та қатысты. Қаланың бас даңғылдарымен жүріп өткен велосипедшілер салауатты өмір салтын насихаттап, зейнеткерлер жастарға үлгі болды.

 

«Велошеруге алғаш рет қатыстым. Түнде жұмыста болып, таңертең велосипедіммен облыс әкімдігінің алдына жеттім. Шеру туралы жүгіртпе жолдан көрген болатынмын. Бұл өте жақсы идея. Балалар салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы керек. Велосипедті немеремнен алдым. Олар менен үлгі алады деп ойлаймын», - деді велошеруге қатысушы Жұмабай Отарғалиев.

Зейнеттегі теміржолшы волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерімен шұғылданады. Әлемдік жарыстарды қалт жібермей қарайды, ел намысын қорғап жүрген спортшылар туралы мәліметтерді жақсы біледі.

Мерекелік велошеруге қатысушы Қасым Канавалов та алғаш рет қала көшелерімен жүріп өтті. Велосипедпен серуендеуді жөн көретін кәсіпкер үшін 16 шақырымдық еш қиындық туғызбаған.

«Біз 16 шақырымды 1 сағатта жүріп өттік. Велошеруге зейнеткерлер мен жастар қатысты. Дәл осындай қоғамдық шараға атсалысып, қолдау көрсету қала тұрғындарының парызы деп білемін. Әрі бұл денсаулық үшін пайдалы. Жастар үйде отырып, компьютер мен телефонға үңіліп, уақыт өткізеді. Сол әдетті тастап, спортпен шұғылданған абзал. Біз салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз»,- деді Қ.Канавалов.

Айта кетейік, велошеруге қатысушыларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарсы алып, олармен естелік суретке түсті.