№2 Ақтөбе қалалық сотында Гүлдана Нұрмағанбетованың өліміне қатысты бірнеше тың мәлімет айтылды. Сотта сөз алған қазіргі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Гаухар Игілікова екі рет тексеру жүргізілгенін, құқықбұзушылықтың өте көп тіркелгенін мәлімдеді.
«Бұл қайғылы оқиғаға тек дәрігер емес, орталықтың басшылары да кінәлі деп есептеймін. Мұнда ем-шара жүргізуге арналған бірнеше хаттама бар. Орталықтың бірнеше басшысы бар екені де мәлім болды. Ал акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетерде УДЗ жүргізуге рұқсат беретін сертификат болмады. Сонымен бірге науқас ес-түссіз қалғанда құтқаруға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы табылмады, жедел жәрдем кеш жетті. Біз екі рет тексеру жүргіздік. Сонда емдеу орны жатырдағы түтікшенің өткізу қабілетін арттыратын гидротурбация әдісін қолдануды тоқтатпады. Тіпті 300-ге жуық келіншекке осы ем түрі қолданылған. Біз мәліметті құқық қорғау органдарына бердік, өзіміз еш шара қолдана алмаймыз», - деді Гаухар Игілікова.
Сонымен бірге сот отырысына анестезиолог-реаниматолог Ануар Жолдин қатысты. Ол да бұл медициналық орталықтың жауапсыздығы мен салғырттығынан болған қайғылы оқиға деп санайды.
«Мұндай ем анестезиолог-реаниматолог дәрігердің қатысуымен жасалуы тиіс. Ал медциналық орталықта мұндай маман мүлде болмаған. Әрі анафилактикалық шок алған кезде қажетті дәрі-дәрмек қорабы мен құрал-жабдық табылмады. Салдарынан жас келіншек көз жұмған», - деді Ануар Жолдин.
Еске салсақ, 20 жастағы Гүлдана Нұрмағанбетова өткен жылдың қазан айында Ақтөбе қаласындағы «Әлия» медициналық орталығында көз жұмды. Айдос пен Гүлдана Нұрмағанбетовтер бір жыл бойы сәби сүйе алмаған соң жеке емханаға барып, гинеколог дәрігерге қаралған. Кешенді ем жүргізуді ұсынған дәрігер Әлия Шаргараева кейін жас келіншекті акушер-гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетерге тапсырады. Операция жасаған да сол дәрігер. Алдын ала болжам бойынша Г.Нұрмағанбетова анафилактикалық шоктан көз жұмды.