Ақтөбедегі жол апатынан Өзбекстан азаматы көз жұмды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ресейден Ақтөбенің Хромтау қаласына бағыт алған «Дэу Нексия» маркалы автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, жол апатына ұшырады. Рөлде отырған Өзбекстан азаматы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Солтүстік айналма тасжолдың 3 шақырымында, яғни, Ақшат ауылының маңында жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Дэу Нексия» маркалы автокөлігінің жүргізушісі, Өзбекстан азаматы ауа райын ескермей, жолдың тайғақ учаскесінде қарама-қарсы бағытқа шығып, «Тойота Камри-55» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы кезінде «Дэу Нексия» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.

«Барлығы 6 адам Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем қызметі ауруханасына әртүрлі дене жарақатымен жеткізілді. Ақтөбе облыстық полиция департаменті жолда ережені қатаң сақтауды ескертеді. Сондай-ақ қала мен аудандардан тыс жерлерге шыққанда жол-метеорологиялық жағдайларды назарға алуды сұраймыз», - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.