Ақтөбеге кіретін 24 шақырым жолға 693 жарық шамы орнатылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде қалаға кіреберіс екі негізгі бағыт – Богослов тас жолы мен Қобда ауданы жағынан кіретін жолды жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Жалпы ұзындығы 24 шақырым болатын жол учаскелеріне 693 жарық шамы орнатылды.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала әкімі Азамат Бекет атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысып, сыртқы жарықтандыру жүйесін іске қосу рәсіміне қатысты.

Богослов тас жолы – Ақтөбеге кіретін негізгі бағыттардың бірі. Жарықтандырылған учаскенің ұзындығы 13,5 шақырымды құрайды. Жол бойында Сазды, Бауырластар, Көкжиде, Байқадам және басқа да сегіз елді мекен орналасқан.

Бұл бағытта көлік қозғалысы қарқынды. Бұған дейін тұрғындар тас жолдың қараңғылығына байланысты мәселе көтеріп келген.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жоба аясында 389 жарық бағаны орнатылып, екі кешенді трансформаторлық қосалқы станция салынды. Қала әкіміне атқарылған жұмыстар туралы мердігер «Интер электро комплект» ЖШС басшысы Александр Грабов баяндады. Бұдан кейін жол бойындағы жарық шамдары іске қосылды.

Қобда ауданы бағытынан қалаға кіретін жолдың ұзындығы 10,5 шақырымды құрайды. Оның бойында Құрашасай, Қанағат, Жаңақоныс, Тұран, Сұлутөр, Арман және басқа да жеті елді мекен орналасқан.

Бұл бағытта да көлік қозғалысы қарқынды. Тұрғындар жолды жарықтандыру мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келген.

Аталған учаскеде 304 жарық бағаны орнатылып, төрт трансформаторлық қосалқы станция салынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Өтес Ақтөбе» ЖШС жүргізді.

Компания басшысы Бердияр Пірімбетовтің айтуынша, жоба келесі жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда қала әкімінің тапсырмасымен жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталды.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

– Бұл екі учаскені де қаланың кіреберіс қақпаларының бірі деуге болады. Жол бойында 15 елді мекен орналасқан, онда халық тығыз қоныстанған. Сонымен қатар, көлік қозғалысы да қарқынды. Сондықтан жарықтандыру жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Жұмыстың сапасына ерекше мән беріп, мердігер ұйымдардан жарық беру қуаты жоғары Philips маркалы шамдарды орнатуды талап еттік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Қалаға кіретін ұзын жолдардың барлығы кезең-кезеңімен жарықтандырылады, – деді Азамат Бекет.

Сыртқы жарықтандыру жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін екі учаскеде де электр желілері тартылып, трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылды.

Атап айтқанда, Қобда бағытындағы жолда жер астымен 7,2 шақырым АЗБ кабелі және 10,2 шақырым өздігінен оқшауланған СИП кабелі тартылды.

Жаңа жарықтандыру жүйесін жақын маңдағы елді мекен тұрғындары да қуанышпен қабылдады.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

– Мен Құрашасай тұрғын алабында 10 жылдан астам уақыт тұрамын. Бұрын жолдың бойы өте қараңғы еді. Қазір ауылдың іргесіне дейін жап-жарық болып тұр. Қуанышымызда шек жоқ. Атқарылған жұмысқа алғысымызды білдіреміз, – деді Құрашасай тұрғыны Жаңбырбай Жиенқұлов.

Осылайша, екі жобаның жүзеге асуы нәтижесінде Ақтөбеге кіреберіс бағыттардағы 24 шақырым жол жарықтандырылды. Бұл көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің, әсіресе, түнгі уақытта қауіпсіз әрі қолайлы қозғалуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «ақылды» өткел тәжірибелік пайдалануға берілген болатын. Жүйе адам өткелге жақындаған кезде автоматты түрде қосымша жарықтандыруды іске қосып, жүргізушілерге ескерту береді.