Ақтөбедегі ең үлкен бассейнге тұрақты барып, денсаулығын шыңдап жүрген Валентина Усманова күн тәртібін замандастарына үлгі етті. Ұзақ жасаудың сыры – салауатты өмір салтын ұстану.
«Ауырып қалып, маған ІІ-топ мүгедектігін тағайындады. Сол кезде дәрігерлер «бала-шаға қызығын көріп, ұзақ ғұмыр кешкіңіз келсе, спортпен шұғылдан, диета ұста, бассейнге бар» деп айтты. Паркинсон диагнозы ұқыптылықты талап етеді. Сондықтан өзім біраз жылдан бері жаттығу жасап, бассейнде жүзуді әдетке айналдырдым. Тек Ақтөбеде емес, өзге қалаға барсам да бассейннен қалмаймын», - дейді Валентина Усманова.
Ол 7 баланы өмірге әкелген. Қазір ұл-қыздың баласын ғана емес, шөберелерін де бағып жүр.
«Балаларыма «немере-шөбереге қарауға да денсаулық керек, судан қалдырмасаңдар ғана бағамын» дедім. Сөйтіп 15 жылдан астам уақыт бойы бассейнді серік етіп келемін. Алғашында жан-жағыма қарап, адамдардан кеңес сұрап жүрдім. Әркім білгенін айтады, қолынан келгенін көрсетеді. Кейін арнайы жаттықтырушының болғаны дұрыс деген шешімге келіп, өзіме жаттықтырушы іздедім. Олар бар білгенін үйретті, мен тіпті жарыстарға дайындады. Сөйтіп таяуда Қызылордада ардагерлер арасында өткен үшсайысқа қатыстым. Секіру, жүгіру, жүзуден екінші орынды иелендім. Ең кәрісі өзім болдым», - деді Валентина Усманова.
Зейнеркер күн сайын бассейнге түскенді жақсы көреді. Екі сағат бойы суда жүрсе де шаршағанын сезбейді. Әрі таңертең 40 минут бойы жаттығу жасайды.
«Әже сағат 9:00-де келеді. Жаттығуды үздіксіз жүргізеді. Кейде жарыс болып, жаттығу кейінге шегеріледі. Сол кезде ренжіп қалады. Қазір үш стильде жүзеді. Өзім жылдан астам уақыттан бері жаттықтырамын», - деді жаттықтырушы Аманбек Қаныбеков.